МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР

2024 жылы Қазақстан азаматтардың мүмкіндіктері мен мүдделерінің теңдігі басымдық болып қала беретін Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған жүйелі реформаларды жүргізуді жалғастырды. Негізгі бағыттар демократиялық институттарды нығайту, басқарудың ашықтығын арттыру және қоғамды шешім
қабылдау процесіне белсенді тарту болды. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудағы маңызды қадам 2025 жылдан бастап аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауын енгізу болды, бұл биліктің есептілігін нығайтуға және халықтың сенімін арттыруға бағытталған. Мемлекеттік басқару жүйесін дамытумен қатар мемлекеттік қызметті жетілдіру қажеттілігі күшейтіледі, өйткені ол стратегиялық бастамаларды іске асыруды және мемлекеттік аппараттың тиімділігін қамтамасыз етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Ол заманауи HR-құралдарды енгізуді,
мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеруді және мемлекеттік қызметтерді көрсетуде сервистік тәсілді жақсартуды көздейді. Тұжырымдаманың міндеттерін іске асыру үшін жаңа заңнама дайындалуда.
2024 жылы мемлекеттік қызметті жаңғырту шеңберінде Агенттікпен 24 нормативтік құқықтық акті әзірленіп, қабылданды, іріктеудің жаңа жүйесінің аясын кеңейту бойынша жұмыстар жалғастырылды, өңірлік кадр резервтері қалыптастырылды, HR-процестерді цифрландыру жүргізілуде. «Е-қызмет» жүйесінде нақты уақыт режимінде кадрларды серпінді іріктеу үшін функционал іске асырылды. Мемлекеттік қызметті бақылауды күшейту шеңберінде саяси қызметшілердің жауапкершілігі күшейтілді, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындарға қатысуға тыйым салынды, сондай-ақ алдыңғы лауазымда жасалған
теріс қылықтар үшін жауапкершілік шлейфі көзделген. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қашықтан мониторинг жүргізу тетігі
енгізілді. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Агенттікке Үкіметпен бірлесіп мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдардағы кадрлық процестерді автоматтандыруды тапсырды. Осы тапсырманы орындау бойынша жұмыс бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Ұлттық баяндама мемлекеттік қызметтің ағымдағы кадрлық жағдайы, қол жеткізілген нәтижелер мен осы саланы одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар туралы толық ақпаратты қамтиды. Осы баяндама «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңның 5-бабы 2-тармағының 7-4) тармақшасын орындау үшін дайындалған
және кіріспе, негізгі бөлім мен қорытындыны қамтиды.